Қажет ақпаратты қалай табамыз және өзіміз жайлы жеке деректерді қалай қорғаймыз?

646

MediaNet Халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырған «Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы InternetCA-2017» атты VIII Орталық Азия интернет форумы аясында өткен шеберлік сабағының тақырыбы осылай аталады.

«Біз қазіргі заманауи әрі көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан ақпарат әлемінде күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелерді шешу үшін адамдар, компания, жылжымайтын немесе өзге де мүлік түрлері, мемлекеттік қызмет көрсетулер жайлы әртүрлі ақпарат алуға зәруміз. Екінші жағынан, өзіміздің жеке басымызға қатысты деректер пен дербес ақпаратты қорғауға да мүдделіміз», –  дейді шеберлік сабағын өткізген спикерлердің бірі, «Интерньюс-Қазақстанның» заңгері Ольга Диденко.

Қазақстанда қажетті ақпаратты қалай және қайдан табуға болады? Мемлекеттік органдар жүргізетін қандай ашық реестрлер мен деректер қоры бар? Ал, дербес деректер мен өзің жайлы ақпараттың рұқсатсыз тарап кетуінен және өзгеге берілуінен қалай қорғануға болады?

Іс-шара барысында осы және өзге де сұрақтарға жауап берілді (презентацияларды http://medianet.kz/ru/biblioteka/prezentacii-spikerov-vosmogo-centralnoaziatskogo-foruma-internetca-2017-426 сілтемесі арқылы табуға болады).

Шеберлік сабағының екінші спикері – Гүлмира Кужукеева. Ол «Коммерциялық емес құқық» халықаралық орталығының  (ICNL) Орталық Азияда құқықтық саланы жетілдіру бағдарламасының жетекшісі қызметін атқарады.

Шеберлік сабағы барысында  «Ақпаратқа қол жеткізу. Басынан аяғына дейін» атты жаңа онлайн ресурс көпшілікке таныстырылды.  Онлайн курс http://info-dostup.kz/ тақырыпты әртүрлі деңгейде меңгерген қалың көпшілікке арналған.

Бұл шеберлік сабағы MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Нидерланды Корольдігінің қолдауымен жүзеге асырып жатқан  «Ақпаратқа қол жеткізу» тақырыбына арналған ұзақ мерзімді жобаның бір бөлігі болды.