Қолданыстағы «Ақапаратқа қол жеткізу туралы» заңның даулы сұрақтарына жауаптар

584

Сауалдарды ақпаратқа қол жеткізу мәселелеріне арналған вебинар қатысушылары ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары Бекзат Рахымовқа қойған болатын.

Қолданыстағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңда «Қызметтік ақпарат» және «Таратуға шектеу қойылған ақпарат» деген сияқты түсініктер бар. Бұлар нені білдіреді?

Аталмыш түсінік «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңмен, сонымен қатар «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңмен және № 1196 ережемен реттеледі. «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңның 1-бабының 1.3.1-тармақшасына сәйкес «қызметтік ақпарат» деген түсінікке мемлекеттік қызметтерді атқару барысында жасалған, өңделген, жіберлген ақпараттар жатады және оның меншік иесі, иеленушісі, қолданушысы мемлекет болып табылады, яғни мемлекеттік органдардың өңдеуіндегі барлық ақпараттар мен азаматтардың үсынған мәліметтері, ақпараттары – «қызметтік ақпарат».

Сонымен қатар, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 1-бабының 8-тармағында таратуға шектеу қойылған ақпараттар жайында айтылған. Мұндай ақпараттарға мемлекеттік құпия болып саналатын барлық ақпараттар, жеке және отбасылық, банктік, дәрігерлік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де ақпараттар, сонымен қатар № 1196 қаулының 3-тармағына сай «Қызметтік қолданыс үшін» «ҚҚҮ» деген белгісі бар ақпараттар жатады.  Қаулы бойынша таратуға шектеу қойылған ақпараттар қатарына мемлекеттік орган қызметіндегі  әкімшілік рәсімдердің сақталуын бұзатын, олардың тәуелсіз шешім қабылдауларына кедергі келтіретін немесе кедергі келтіруі мүмкін  мәліметтер жатады. Жарияланған ақпараттар қатарына бұқаралық ақпарат құралдарында, ғаламтор беттерінде, радио хабарларында, телеарналарда, ашық конференцияарда, жиындар мен жиналыстарда, симпозиум және өзге де бұқаралық шараларда жарияланған, айтылған ақпараттыр жатқызылады.

Осы жерде «мемлекеттік органдардың тәуелсіздігін қамтамасыз етілуіне байланысты» деген түсінікке не жататынын да анықтап алу керек. Тәжірибе жүзінде жарияланғаннан кейін қандай да бір мемлекеттік орган басшысының, ресми өкілінің қызмет  барысында шешім қабылдауына кері әсерін тигізетін немесе шектейтін ақпараттар. Бұл біріншіден, аталмыш қызметтік ақпаратқа байланысы бар бірінші басшы, ресми өкілдің оны жариялау немесе жарияламау шешіміне тығыз байланысты. Бұл жерде айта кетерлік жайттардың бірі «ҚҚҮ» деген белгі мәңгі емес, оның да белгілі мерзімі болады. Заңнамада жоғарыдағы белгінің қанша уақыт тұруы керек екендігі жайында мүлдем айтылмаған. Бұл туралы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 11-бабыны 16-тармағында шешім қабылдағанға дейін немесе тексеріс уақытында, яғни тесерулер кезінде барлық қызметтік ақпараттарды таратуға шектеу қойылу мүмкіндігі туралы айтылады. Тексерістер аяқталғаннан кейін, протоколға қол қойылысымен барлық ақпараттар ашық болуы тиіс. Үкіметаралық шешімдер болса, егер де бірнеше мемлекеттік органдар қандай да бір сауалды бірігіп шешіп жатқан болса, өзара алмасқан хаттар, жазбалар, барлық ақпараттар шешім қабылданғаннан кейін ашық әрі қолжетімді болуы тиіс.

Қызметтік ақпаратқа қатысты сауалдар «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңмен қалай реттеледі?

«Әкімшілік рәсімдер туралы» заң мемлекеттік органдар арасындағы құжаттардың айналымына бағытталған, ал «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң болса, мемлекеттік органдардың ішіндегі ақпараттарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Мемлекеттік органдардың ішіндегі барлық рәсімдер қалыпты өтуі үшін кейбір ақпараттарды уақытша шектеудің қызметтік  қажеттілігі туындайды.  Бұл ақпараттар, негізінен,  «ҚҚҮ» деген белгісі бар ақпараттар. 11-баптың 16-тармағында мемлекттік бақылаулар негізінде болатын қызметтік тексерістер нәтижесінде шешімдер қабылданғанға дейін; үкіметаралық және үкіметішілік жиындар негізіндегі жазбалар, хаттар; халықаралық ұйымдар мен өзге мемлекеттерден келген хаттар мен құжаттарды ашу туралы қос тараптың шешімінен кейін ғана жариялауға  болады деп көрсетілген.

Соттар сот шешімдерін қызметтік ақпаратқа жатқызып, оларға қол жеткізуді шектейді.  Азаматтар  шешімдегі сот қателіктерін пайдаланып, шағым түсіру мен  қайта қарсылық білдіру үшін қолданылады. Соттардың бұл әрекеттері қаншалықты дұрыс?

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға сәйкес «таратуға шектеу қойылған» және «тыйым салынған» ақпараттардан өзге ақпараттар қолжетімді болуы керек.  «Қызметтік ақпарат» пен «таратуға шектеу қойылған қызметтік ақпараттың» ара жігін ажыратып алу шарт. Мемлекеттік органның қолындағы барлық ақпаратты «ҚҚҮ» жатқызуға болмайды, әрі «ҚҚҮ-нің» әмбебап тізімін жасау мүмкін емес. Қортынды шешім қабылданғанға дейін қандай ақпаратты таратпау керектігін мемлекеттік органның өзі анықтайды. Осыны ескере отырып, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде бұл мемлекеттік орган ақпаратты шектеу туралы шешім қабылдауға жауапты емес, және оның нәтижесінде сот арқылы қызметтік ақпаратқа қол жеткізуді заңсыз шектегені үшін  20 АЕК көлемінде айыппұл салынады («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 126-бабы). Мысал ретінде қарастырсақ,  6-бапқа сәйкес,  шектеуге болмайтын ақпараттарға төтенше жағдайлар және апат кезіндегі ақпараттар жатқызылады.  Сондықтан да төтенше жағдайлар кезінде орын алған жайттар жөніндегі ақпараттарға еш шектеу қойылмауы тиіс,  алайда мемлекеттік органдар қоғамды тұрақтандыру мен қоғамдағы үрейді сейілту мақсатында аталмыш жағдайлар кезінде кейбір ақпараттарды шектеу туралы шешім қабылдауы мүмкін.

Бұдан өзге,  денсаулық сақтау, санитария, демографиялық ахуал, көші-қон, білім, мәдениет, әлеуметтік қорғау, экономика, ауыл шаруашылығы мен қылмыстық жағдай туралы ақпараттар да шектеуге жатпайды. Бұл жағдайлардағы кілт сөз «Жағдай», яғни денсаулық сақтауды, санитарияны және тағы басқаларын сипаттайтын статистикалық мәліметтер. Мұндай деректер ашық болуы керек. Ал, қабылданған шешімдер мен шаралар жайындағы ақпараттарға шектеу оларға қатысты қорытынды әрі нақты шешім қабылданғанға дейін, қоғам  қауіпсіздігі мен әкімшілік рәсімдердің біртұтастығы үшін қойылуы мүмкін. Мысал ретінде лаңкестік әрекеттер жайындағы ақпараттарды айтуға болады. Болған террорлық шабуылдар, оқиғалар жайлы ақпарат ашық болуы керек болса, қауіпсіздік күштері тарапынан оларға (лаңкестер мен лаңкестік ұйымдарға) қарсы жүргізіліп жатқан арнайы операциялар, барлау қызметтері туралы ақпараттар мемлекеттік құпияға жатқызылған.

Ауызша сұраныс бойынша қандай ақпараттарды алуға болады?  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңының 11-бабы 4-тармағында көрсетілмеген жайттарда ауызша сұрау арқылы ақпарат алуға болады ма?  

Кез-келген ақпаратты ауызша алуға болады. Алайда, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 1-бабының 4-тармағына сәйкес, ауызша, телефон арқылы алуға болатын ақпараттардың тізімі белгіленген. Оларға ақпарат иеленушінің жұмыс кестесі, пошта индексі, электронды пошта және интернет ресурстарының  мекен-жайы, ақпарат иеленушілердің анықтама қызметтерінің телефоны, аумақтық органдар мен бағынысты және еншілес ұйымдардың мекен-жайы мен телефон номерлері,  олардың басшылары туралы ақпарат, заңды және жеке тұлғаларды қабылдау кестелері мен талаптары, заңды және жеке тұлғалардан келіп түскен сұранысты, өтініштерді,  арыздар мен шағымдарды қарау  тәртібі, мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі, сот істерін қарау тәртібі, ашық конкурстардың өтетін орын мен уақыты, күні туралы мәліметтер, жергілікті қоғам өкілдері шақыртуларының уақыты мен орны туралы, жергілікті қоғам өкілдері жиналатын орындар мен талқыланатын тақырыпты, БАҚ туралы мәліметтерді,  ақпарат иеленуші туралы, бос орындар туралы сөйлесуге болатын ақпарат иеленушінің телефон номері жатқызылған. Аталған тармақтар бойынша мемлекеттік орган ауызша сұранысқа жауап беруге міндетті. Заңда басқа да сұраныстарға ақпарат иеленушінің қалауына сай  ауызша жауап беру мүмкіндігі берілген. Ал мұндай жағдайларда берген жауаптың заңды күші туралы айтылуы керек. Сол себептен де қауіпсіздік үшін сұралатын ақпараттың барлық түрін жазбаша сұрауға кеңес берер едім.

Егер де сұрау салушы тұлғада ЖСН немесе БСН болмаса, ақпарат иеленушіден ақпарат ұсыну жөнінде сауал сұрауға құқысы бар ма?  

Иә, әрине. Заң үстемдігі бойынша ең ұлкен күш – Конституцияға тиесілі. Ал Ата Заңда бұл жайтқа қатысты еш шектеу жоқ.  Ал «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңда да бұл талап тек жазбаша ақпарат сұрау барысында ғана талап етіледі.   Бұдан өзге, бүгінде барлық мемлекеттік органдардың «Блог-платформа» деп аталатын жеке блогтары бар. Статистика мен тәжірибеге сүйенсек, ақпараттың көпшілігі осы тұғыр арқылы алмасады екен, әрі бұл жерлерде ақпарат алмасу мейлінше оңтайлы, оңай, ең маңыздысы – жылдам. Сол себептен, сауалға жауап бермеу үшін, ЖСН немесе БСН жоқтығы негіз болып табылмайды.

Ақпарат иеленуші ақпарат ұсыну туралы сауалға бірнеше рет жауап бермесе не істеу керек?

Мұндай жағдайларда шағымданудың бірнеше жолы бар: біріншіден, ақпарат иеленушіге тікелей басшылық ететін немесе одан жоғарғы органға сәйкесінше  арыз-шағым түсіре аласыз, тіпті болмаса прокуратураға немесе сотқа жүгінсеңіз болады. Сот арқылы тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сізге жауап беретін уақыт Заңмен нақты белгіленген. Аталмыш уақытта жауап беру керек немесе жауап беру уақытын ұзартуы тиіс. Сізге жауап беруі тиіс максималды мерзім – 15 күн. Бұл мерзім мемлекеттік органның бұл уақыт ішінде жауап бере алмайтындығына нақты себебі болғанда ғана 30 күнге дейін ұзартылады.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға сәйкес, ақпаратты қолданушы ақпарат иеленушіге тікелей жазбаша түрде ақпарат ұсыну туралы сауал жолдайды. Ақпарат сұраушыға жолданған сауалды қабылдаған адамның аты-жөні бар, күні мен уақыты қойылған түбіртек беріледі. Осы жердегі «тікелей сауал беру» түсінігіне не кіреді?

«Тікелей сауал беру» – аты айтып тұрғандай лауазымды адамдармен араға адам салмастан, тікелей байланысу.  Іс жүзінде байланыстың мұндай түрі өте сирек кездеседі.  Әсіресе, Министрліктер үйіндегі лауазымды тұлғалармен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігі аз.  Сол себептен, осы жерде ең дұрысы өзіңіздің сауалыңызды «Электронды үкімет» порталындағы блог-платформа арқылы қойғаныңыз. Бұл жағдайда сіздің лауазымды тұлғаға сауал жібергеніңіз, өтінімнің қабылданғаны, қаралып жатқаны туралы ақпарат қолыңызда болады.

Аталмыш заңда заңмен қорғалатын құпиялар туралы қарастырылған ба? Олар қандай жағдайларда жария етіледі? 

Заң «Мемлекеттік құпиялар туралы», «Банк құпиялары туралы» заңдармен сәйкестендіріліп, шеңберінде жұмыс істеуде. Заңнамада бұл сауал нақты жазылған. Тәжірибе жүзінде қайталанған нормалары бар заң жобаларын қабылдау дұрыс емес.  Осы тұрғыдан құпияланған ақпараттар туралы мәліметтерді білу үшін «Банк құпиялары туралы», «Жеке мәлімет құпиялығы туралы», «Денсаулық сақтау және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңдардың сіздің сұрағыңызға сәйкес пунктерін бір қарап шығуыңызға кеңес беремін.

Егер де сұратылып отырған ақпарат түсініксіз болған жағдайда, ақпарат иеленуші сұранысты нақтылау үшін сұрау салушыға хабарласуы тиіс пе? 

Бұл заңда нақты көрсетілмеген, әйтсе де, барлық мемлекеттік органдар атқарып жатқан қызметтері тұрғысынан, азаматтарға ақпаратты жылдам және  сапалы ұсынатындығы бағаланатынын ескерсек,  хабарласып нақтылағандары дұрыс болары сөзсіз.  Егер бір сауалға бірнеше қайтара сұраныс келетін болса, онда аталмыш мемлекеттік органның жауапты тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс.  Сол себептен мемлекеттік қызметкерлер халыққа ақпарат ұсынуға мейлінше ынталы болулары керек.

Егер ақпарат ұсыну туралы сұраныста қандай да бір мәлімет жоқ болса, алайда сұралып отырған ақпараттың толық мазмұны түсінікті болса, әрі жауапты қайтаруға арналған мекен-жай көрсетілген жағдайда, ақпарат иеленуші ақпарат бермеуге құқылы ма?

Құқылы емес. Егер де жоғарыдағыдай мүмкіндік болса, сауалға жауап беру керек. Бұл да мемлекеттік органның азаматтарға ақпаратты жылдам әрі сапалы берулерін қадағалау және оны бағалау кезінде ескеріледі. Сол себептен ақпарат иеленуші мейлінше ақпарат беруге ынталы болуы тиіс.

Қандай жағдайларда берілген ақпарат үшін ақы төленеді және ол немен реттеледі? Көшіріп басу кезінде кімдер іс жүзіндегі шығындардан босатылған? 

Заңнама бойынша барлық ақпарат тегін.  Заңда тек ақпарат иелденуші құжаттардың жасалған көшірмелері үшін ақы сұрауына болады делінген. Әйтсе де электронды құжаттар тегін болуы тиіс делінген, демек, ақы тек қағаз құжаттарға ғана алынуы тиіс. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсанындағы «Ақпарат иеленушілердің ақпарат ұсынудағы көшіру мен басып шығаруға кеткен іс жүзіндегі шығындарын белгілеу және әлеуметтік әлсіз топ өкілдерін іс жүзіндегі шығындардан босату туралы» № 1176 қаулысында ақы алу тәртібі мен тарифтері толығымен көрсетілген. Заңдағы «ақпарат» түсінігіне тек қана мемлекеттік қызметкерлерде бар ақпарат қана емес, сонымен қатар, электронды, қағаз түріндегі, және өзге тасымалданатын құралдар мен құрылғылардағы реквизиттері  бар және сәйкестендіруге келетін мәліметтер, ақпараттар жатады. Осы жерден «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңмен «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері қарау туралы» Заңының негізгі айырмашылығын байқауға болады. Егер де, бірінші жағдайда тек ақпарат (құжаттар, файлдар) ұсыну туралы өтініштер болса, екінші жағдайда ұсыныстар мен өтініштер, шағымдар мен өз ұстанымын білдірулер, алғыстар мен арыздар болады. Сәйкесінше екінші жағдайда да ақпарат тегін беріледі.